Кішембайұлы Қошмұхамед (Шонық) 1790-1855

Шығу тегі: Кіші жұз, Бай ұлы, Ысық - Ақсары - Келім - Сарысық - Әйтімбет -Алдияр - Өмірзақ - Қаратау - Кішембайұлы Қошмұхамед (Шонық).

Қошмұхамедтің (Шонық) арғы атасы Алдиярұлы Өмірзақ кіші жүз ханы Әбілхайырдың замандасы. Әбілқайыр хан өлген соң, 1748 жылы Кіші жүздегі хандық таққа оның ұлы Нұралы отырды. Нұралы ханды бекіттіру үшін 22.10.1748 жылы Москва арқылы Санкт Петербургке аттанған қазақ делегециясының құрамында старшын Алдиярұлы Өмірзақта болған. Бұл шешімді Ресей патшайымы Елизавета Петровна 1749 жылы 26 февральда бекітті. Нұралы Ресей патшасы тарапынан бекітілген бірінші қазақ ханы еді.

Қошмұхамедтің (Шонық) атасы Қаратау Өмірзақұлы (1740-1800) - ел қорғаған батыр, әрі би, Сырым Датұлының үзеңгілес жолдасы. Қаратау 1773-1775 ж. Е.Пугачев көтерілісін қолдап, патша әскеріне қарсы соғысқан. Сондай-ақ ол 1783-1797 ж. Батыс Қазақстан аймағында ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырып, оның С. Датұлынан кейінгі басшыларының бірі болады. Бас Ордада билік жүргізген жеті старшынның бірі еді. Сырымның көмекшісі ретінде ел билігіне, дау-дамай төрелігіне араласады.

1787 ж. патша үкіметінің бұрынғы тәртібін бұздырып, Жайық өзенінен батысқа кешіп-қонуға рұқсат алған қазақ руларының арасында ең көбін - он мың үйлі Ысықты басқарған. Калмыков бекінісіне (Тайпақ) таяу қоныстанған. Қаратау батыр ауылы өріс пен жайылымдық жерді қорғап, атаман Мизинов басқарған орыс казактармен жиі соғысқан. Қаратау батыр 1785 ж. 21 шілдеде Кіші жүз старшындарының II Екатерина патшайымға жолдаған хатына Ысық руының атынан қол қойған. Хатта Нұралы ханды тақтан тайдыруды талап еткен. Бұл талап орындалмаған жағдайда Кіші жүздің 21 руы (негізінен 12 ата Байұлы тайпасы) Ресей өкіметіне бағынудан, келіссөз жүргізіп, бітімге келуден бас тартатындықтарын мәлімдеген. Хат мазмұнын растап Кіші жүз пірі Әбу Жәлил қожа қолын қойып, Сырым батыр жеке мөрін басқан. Осы ультиматумның нәтижесінде орыс патшайымы 1786 ж. Нұралы ханды тақтан тайдырып, Уфаға жер аударғаны белгілі. Қаратау батырдың зираты Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданындағы Жусандой ауылының маңындағы көне қорымда.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» - дегендей, Қошмұхамедұлы (Шонық) Айтболаттан Сұлтанмұрат, одан туған Балғымбай ұлдары мен немерелері Кеңестік және Тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық дамуына белсене араласқан ұрпақ. Мемлекет және қоғам қайраткері Балғымбаев Нұрлан Өтепұлы 1997-1999 жылдыры Қазақстан Республикасының премьер-министрі болды.

Ескерткіш қоюшы Балғымбай ұрпақтары

Қаратау бидің жеке мөрі

Мөрдегі жазу: Қаратау би бин Өмірзақ - Қаратау би Өмірзақұлы